ҚАЗАҚКОНЦЕРТТЕ «АРҚА ӨҢІРІНІҢ ӘН-КҮЙ МҰРАСЫ» КОНЦЕРТІ ӨТТІ
10.10.2026
Биыл Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін дәріптеуге бағытталған ауқымды циклдік концерттер жобасы бастау алды.
Жоба аясында еліміздің әр өңіріне тән әншілік және күйшілік мектептердің бай мұрасы таныстырылып, концерттік маусым соңына дейін 8 концерт өткізу жоспарланған.
Аталған жобаның шымылдығы бүгін «Арқа өңірінің ән-күй мұрасы» атты концертпен ашылды.
Рухани кеште Арқа даласының сал-серілік дәстүрі мен шертпе күй мектебінің жауһарлары орындалып, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Ықылас сынды өнер алыптарының шығармалары көрерменге ұсынылды.
Сахна төрінде елімізге танымал дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп, ұлттық музыканың тереңдігі мен көркемдік болмысын айшықтады.
Кештің ерекше сәттерінің бірі АҚШ-тан келген домбырашы Geoff Gersh-тің Қыздарбек Төребайұлының «Сылқым қыз» күйін орындауы болды.
Жаңа жобаның басты мақсаты — қазақтың дәстүрлі музыкалық мектептерін кеңінен насихаттау, өңірлік өнердің өзіндік ерекшелігін таныту және ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Алдағы уақытта көрермен өзге өңірлердің де ән-күй мұрасымен танысуға мүмкіндік алатын болады.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз