X

FORTE TRIO ПОРТУГАЛИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КАМЕРАЛЫҚ МУЗЫКА ФЕСТИВАЛІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

08.10.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік FORTE TRIO триосы Португалияда өткен камералық музыканың XI халықаралық Algarve Music Series фестивалінде өнер көрсетті.

«De Astana a Lisboa» («Астанадан Лиссабонға дейін») атты концерт Фару қаласындағы тарихи Teatro Lethes театрында өтті. Сахнада трионың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары Мақсат Жүсіпов пен Мұрат Нарбеков өнер көрсетті.

Концерт бағдарламасында Петр Чайковский, Клод Дебюсси, Феликс Мендельсон, Йозеф Гайдн, Сергей Рахманинов, Астор Пьяццолланың шығармалары, сондай-ақ Арман Жайымның «Koroglu» композициясы мен қазақтың халық әндерінің тақырыптарына арналған «An Shashu» попурриі орындалды.

Концерт 2026 жылы «Cruzamentos» («Қиылысулар») ұранымен өтіп жатқан және елдер арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған фестиваль аясында ұйымдастырылды. Фестиваль ұйымдастырушылары қазақстандық ұжымды Қазақстанның Мемлекеттік триосы ретінде таныстырып, ансамбльдің жоғары орындаушылық шеберлігі мен еуропалық классика және қазақтың ұлттық музыкасының үйлесімді үндестігін атап өтті.

FORTE TRIO концерті туралы ақпарат Algarve Music Series фестивалінің, Teatro Lethes театрының ресми ресурстарында, сондай-ақ Algarve Atlas мәдени порталында жарияланды. Қазақстандық ұжымның өнер көрсетуі Португалияның оңтүстігіндегі ірі камералық музыка фестивальдерінің бірінің бағдарламасына еніп, қазақ музыка өнерін халықаралық деңгейде таныту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.

Поделиться в соц. сетях: