X

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ»: ауқымды мәдени жоба Қазақстанның 17 өңірін қамтыды

23.05.2026

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылған «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» республикалық өнер керуені өз мәресіне жетті.

2026 жылғы 21-23 мамыр аралығында өткен ауқымды мәдени жоба үш күн бойы ел руханиятын ұлықтаған ерекше өнер мерекесіне айналды. Өнер керуені Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын қамтып, оған қарасты 51 аудан мен елді мекенде концерттік бағдарламалар ұйымдастырды.

Үш күн ішінде жоба аясындағы концерттік бағдарламаларды 20 мыңнан астам көрермен тамашалап, ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің үздік үлгілеріне куә болды. Әсіресе шалғай ауылдар мен аудан орталықтарындағы тұрғындардың өнер ұжымдарын ерекше ықыласпен қарсы алып, зор құрмет көрсетуі жобаның рухани маңызын айқындай түсті. Көрермендердің ыстық ықыласы мен ақжарма лебізі шығармашылық ұжымдарға үлкен шабыт сыйлады.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасына еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі», «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «ҚАЗАҚСТАН КАМЕРАТАСЫ» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «ОТЫРАР САЗЫ» оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, Қазақконцерттің Алматы қаласындағы филиалының әртістері, «ASTANA SAZY», «SAZ AND SOUL» вокалдық-аспаптық ансамблі, «SALT SOUND» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «GULDER» ансамблінің балеті, «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры, Т.Әбдірашев атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «БІРЛІК» би ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, ҚР мемлекеттік би театры және өзге де шығармашылық ұжымдар ел ішін аралап, көрерменге жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламалар ұсынды.

Жоба аясында дәстүрлі ән, халық музыкасы, симфониялық шығармалар, мюзикл жанрындағы қойылымдар, эстрадалық бағдарламалар мен хореографиялық композициялар ұсынылып, ұлттық өнердің бай мұрасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар өнер керуені барысында белгілі өнер майталмандары мен шығармашылық ұжымдардың өкілдері өңірлердегі өнер мектептері мен мәдениет ұйымдарында шеберлік сабақтарын өткізіп, жас таланттармен тәжірибе алмасты. Бұл кездесулер жас буынның кәсіби дамуына серпін беріп, өнер сабақтастығын нығайтуға ықпал етті.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы мәдениет пен өнердің ел ішіндегі рухани байланысты нығайтатын қуатты күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық өнерді кеңінен дәріптеп, халық пен шығармашылық ұжымдардың арасын жақындатқан бұл бастама өңірлердегі мәдени өмірдің жандануына тың серпін сыйлады.

Осы орайда, «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасының жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Қазақстан Халық банкі» АҚ-на ерекше алғыс білдіреміз. Ұлттық мәдениет пен руханиятты қолдауға бағытталған мұндай ауқымды жобалар елдің мәдени дамуына қосылған маңызды үлес екені сөзсіз. Әлеуметтік маңызы зор бастамаларға серіктес болып, халық пен өнер арасындағы алтын көпірге айналғандарыңыз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз.

Сондай-ақ жобаға қатысқан барлық шығармашылық ұжымдарға, өнер майталмандарына, мәдениет саласының қызметкерлеріне, өнерсүйер қауымға және өнер керуенін жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық және аудандық әкімдіктерге шынайы алғыс айтамыз.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – ел руханиятын ұлықтап, халық пен өнерді тоғыстырған тағылымы терең мәдени жоба ретінде ел жадында сақталары сөзсіз

Поделиться в соц. сетях: