«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ»: ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды мәдени жоба өз мәресіне жетті
23.05.2026
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ демеушілігімен жүзеге асқан «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» ауқымды мәдени жобасы өз мәресіне жетті.
21-23 мамыр аралығында өткен концерттік-гастрольдік турда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары мен танымал өнер майталмандары еліміздің 8 өңірін қамтып, ұлттық өнерді ұлықтаған рухани мерекеге айналды.
Үш күн ішінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларды 11 мыңға жуық көрермен тамашалап, қазақ өнеріне деген зор ықыласын көрсетті.
Жоба аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары мен танымал өнер майталмандары Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында өнер көрсетті. Концерттік бағдарламалар облыс орталықтарымен қатар шалғай ауылдар мен елдімекендерде ұйымдастырылып, аймақ тұрғындарына кәсіби өнер ұжымдарының шығармашылығын тамашалауға мүмкіндік берді.
Жобаның аясында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қайрат Айтбаев, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Құрмаш Махан, Бибігүл Қилымхан, Сүлеймен Ибрагимов, Жанна Орынбасарова, ҚР Мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Азат Малик, халықаралық байқаулардың лауреаттары Сая Махамбет, Лаура Кумарханова, Райым Уайыс өнер көрсетті. Сонымен қатар MeloMen және A’ZIA топтары көрерменге ерекше музыкалық атмосфера сыйлады.
Концерттік тур барысында «Saz&Soul» тобы Қарағанды облысында, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Атырау облысында, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Шығыс Қазақстан облысында өнер көрсетті. «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртіс-солистері Ақтөбе облысының көрерменімен жүздесті. «Гүлдер» ансамблі Маңғыстау облысында, «Бірлік» ансамблі Түркістан облысында концерттік бағдарламаларын ұсынды. «Астана Мюзикл» театры Қызылорда облысында сахналық қойылымдарын көрермен назарына ұсынса, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалының әртістері Алматы облысының тұрғындарына арнайы концерттік бағдарлама тарту етті.
Сонымен қатар гастрольдік тур барысында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері мен белгілі өнер майталмандары өңірлердегі өнер мектептерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, жас өнерпаздармен шығармашылық кездесулер ұйымдастырды. Кәсіби тәжірибемен бөліскен мәдени кездесулер жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениеттің сабақтастығын нығайтуға ықпал етті.
Жоба аясындағы концерттік бағдарламаларда халық әндері, дәстүрлі шығармалар, заманауи эстрадалық туындылар мен хореографиялық қойылымдар орындалды. Әсіресе ұлттық өнер мен қазіргі музыкалық бағыттарды үндестірген ерекше формат көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» мәдени жобасы қазақ өнерінің бай мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, ел ішіндегі рухани байланысты нығайтқан маңызды мәдени бастама ретінде есте қалды.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз