X

"Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны. Бұл – отандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұйым. 

2016 жылы Қазақконцерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік ұйымы атанды. 

2021 жылы Қазақконцертке КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді.


Қазақконцерттің басты мақсаты – озық музыкалық шығармаларды насихаттау, жоғары сапалы көркем музыкалық концерттік бағдарламаларды жасау, үздік өнер туындыларының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, отандық музыка өнерін одан әрі дамытуға ықпал ету. 


«Қазақконцерт» ұжымы ТМД мемлекеттерінің шеңберінде баламасы жоқ әрі Қазақстан Республикасының маңызды архитектуралық құрылымдарының бірі – «Qazaqstan» орталық концерт залында еңбек етуде. «Qazaqstan» орталық концерт залында белгілі симфониялық және камералық оркестрлердің, танымал эстрада жұлдыздарының концерттері, театрлық қойылымдар жиі өткізіледі.


«Қазақконцерт» ұйымында еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосқан. Қазақконцертте барлық музыкалық өнердің жанрлары ұсынылған: фольклор, классика, эстрада, мюзикл театры. Шығармашылық құрамға «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі«Форте трио» мемлекеттік триосыҚазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі«Astana Musical» мемлекеттік театры"Классикалық өнер" бөлімі, "Халық қазынасы" өнер ұжымы, «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблі, эстрадалық әншілер мен топтар кіреді.