X

«Бірлік» ансамблі XXXVI Макао өнер фестивалінің ашылу салтанатына қатысты

08.05.2026

«Бірлік» ансамблі XXXVI Макао өнер фестивалінің ашылу салтанатына қатысты

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Бірлік» ән-би ансамблі 8 мамыр күні Макаода өткен XXXVI Макао өнер фестивалінің ашылу салтанатына гастрольдік сапармен қатысып, Қазақстанның ұлттық мәдениетін халықаралық сахнада таныстырды.

Этносаралық татулық пен мәдени үндестікті насихаттайтын ұжым қазақ халқының рухы мен дәстүрлі өнерін шетелдік көрерменге ұсынды.

Ашылу кешінде Қазақстанның әр өңірінен халық билері орындалып, «Бірлік» ансамблі Макаоның жергілікті шығармашылық ұжымдарымен бірге өнер көрсетті. Бұл мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтып, мәдени диалогтың маңызын айқындай түсті.

Биыл фестиваль «Шабыттың жаңа толқындары» тақырыбымен өтіп, Италия, Португалия, Қазақстан және басқа да елдердің өнерпаздарын бір алаңға тоғыстырды.

Гастрольдік сапар «Классикалық өнерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілік қолдауымен ұйымдастырылды.

Поделиться в соц. сетях: