X

«СҰРЖЕКЕЙ»

Күні: 08.05.2026 Уақыты: 19:00 Зал: Камералық зал

Қазақконцерт танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің 90 жылдығына орай Айдос Саниязбекұлының «Сұржекей» атты шығармашылық кешіне шақырады.

Концерттік бағдарламада Біржан сал, Ақан сері, Әсет, Абай, Иса, халық әндері және т.б. туындылар көрермен назарына ұсынылады. Сондай-ақ, Айдос Саниязбекұлының орындауында халық әні «Сұржекей» шырқалады.

Мәдениет Ешекеев — дәстүрлі халық әндерін өзіндік мәнерімен жоғары кәсіби деңгейде орындаған және Ж.Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуары Біржан сал, Ақан сері, Абай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сынды халық композиторларының шығармаларымен кеңінен толыққан. Өнерпаздың орындауындағы бірқатар туындылар Қазақ радиосының алтын қорына еніп, ұлттық музыкалық мұраның ажырамас бөлігіне айналды.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ардақ Елеусіз, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрарова, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Тоғжан Үмбет, Өмірзақ Шешхан, «Аstana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі қатысады.

Айдос Саниязбекұлы – дәстүрлі әндерді ерекше нақышта жеткізетін, табиғи дауысы мен сахналық харизмасы үйлескен кәсіби әнші. Ол халық әндері мен қазақтың классикалық әндерін шебер орындап, оркестрмен, ансамбльмен және жеке орындауларда көрермен көңілінен шығып жүр. Халық әндері мен дәстүрлі әншілік Арқа өңірінің мектебін кеңінен меңгерген, өзінің ерекше орындау мәнерімен танылған өнерпаз. Сондай-ақ, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.

 

Бұл кеш – ұлттық өнерге тағзым етіп, ата-бабадан қалған асыл мұраға деген құрмет пен ізеттің көрінісі. Қапы қалмаңыз!

Поделиться в соц. сетях: