X

«Coupe Mondiale 79» аясында «Saz&Soul» және «Samga» ансамбльдерінің шығармашылық кеші өтті

26.08.2026

«Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы аясында «Saz&Soul» вокалдық-аспаптық ансамблі мен «Samga» аспаптық ансамблінің шығармашылық кеші өтті.

Концертте қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасы мен әлемдік классиканың таңдаулы туындылары үндесті. Кеш барысында «Күні Қорлан», «Сәулем-сәулем», «Кермау-айдай» халық әндері, Тәттімбеттің «Саржайлау», Қазанғаптың «Жем су тасқыны», «Ақжелең» күйлері, сондай-ақ Сүгір Бегендікұлының «Сүгірдің термесі», «Дударай» және «Жаным» шығармалары орындалды.

Бағдарламаның екінші бөлімінде танго әлемінің жарқын туындылары көрермен назарына ұсынылды. Астор Пьяццолланың «Libertango», «Акула», «Oblivion», Ришар Гальяноның «Tango pour Claude», Вильольдоның «El Choclo», Херардо Родригестің «La Cumparsita», сондай-ақ «El Tango de Roxanne» шығармалары кешке ерекше ырғақ пен темперамент сыйлады.

Сахнада «Saz&Soul» және «Samga» ансамбльдерімен бірге халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрай Шеру, Елжан Жетпіс, Әлібек Альмадиев және «Гүлдер» би ансамблі өнер көрсетті.

Айта кетейік, Астанада 23-27 тамыз аралығында «Coupe Mondiale 79» халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауы өтіп жатыр. Дүниежүзілік байқауды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастырып отыр. Ал, жобаның басты демеушісі - «Halyk bank» АҚ.

Поделиться в соц. сетях: