X

Қазақконцертте Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» шығармашылық кеші өтті

30.03.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал композитор Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» шығармашылық кеші өтті. 
Концерттік бағдарламада «Қайран көңіл», «Сағым дүние», «Отан Ана», «Жан Ана», «Кешір мені», «Аманат», «Аялаған арман-ай», «Сәуле» әндері және танымал кинофильмдерден алынған музыкалық шығармалар орындалды.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Ренат Гайсин, Дильназ Ахмадиева, Қайрат Баекенов,Дәурен Серғазин, Жанар Дугалова, Гаухар Өмірзақова, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Анна Уварова, талантты әншілер Марсель, Шаба Әденқұлқызы, дарынды қобызшы Олжас Құрманбек, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Дидар Әбдухалық, Нұрай Шеру, Али Окапов, Мәди Рымбаев және Ақмаржан Құрманбек қатысты. 
Бұл кеш – Қуат Шілдебаевтың алғашқы жеке шығармашылық кеші. Іс-шара барысында композитордың туындылары «Saz&Soul» тобы мен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, оның музыкасына жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік берді.
Қуат Шілдебаев – танымал композитор, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Ол симфониялық, камералық, хор, халық аспаптарына және кинофильмдерге арналған шығармаларды жазды. Оның туындылары «Отырардың күйреуі», «Қош, Гүлсары», «Балалық шағымның аспаны», «Шал» секілді фильмдерде пайдаланылған.
2025 жылы АҚШ-та «Global Music Partnership Press» баспасы композитордың жеке скрипка мен ішекті ансамбльге арналған «Қаракемер» күйін жарыққа шығарды. Осылайша, композитор шығармасы америкалық басылымда жарияланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанып, бұл оның халықаралық деңгейде танылуындағы маңызды кезеңге айналды.
«Қаракемер» күйі Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының қолдауымен Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының қорына енгізілді. Шығарманың премьерасы Гарвард университетінде және Бостондағы Бейнелеу өнері музейінде өтті.

Поделиться в соц. сетях: