Қазақконцертте Айтжан Тоқтағанның «Біздің жәрмеңке — күй шежіре» мерейтойлық кеші өтті
27.04.2026
Қазақконцертте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен белгілі күйші, фольклортанушы, ұлағатты ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Айтжан Тоқтағанның 80 жас мерейтойына арналған «БІЗДІҢ ЖӘРМЕҢКЕ – күй шежіре» концерті өтті.
Күй кешінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Бүгінгі кеш бұрынғыдан өзгеше өріліп, жүргізуші қызметін сөз емес, қос ішектен төгілген күй атқарды. Кеш қатысушылары сахнаға бірінен соң бірі шығып, ғасырлардан жеткен күй керуені іспетті, бір сәтке де үзілмей, сазды шежірені жалғағандай әсер қалдырды. Концерт барысында Тәттімбет, Құрманғазы, Қожеке Назарұлы, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды ұлы күйшілердің мұралары мен халық күйлері орындалып, күй тілімен ел тарихы, дәстүр сабақтастығы мен қазақ даласында қалыптасқан күйшілік мектептердің ерекшелігі кеңінен көрініс тапты.
Ғұмырын күйшілік өнерге арнап, көмескі тартқан мұраны жаңғыртып, ұлағатты ұстаздықты қатар алып жүрген Айтжан Тоқтағанның шығармашылық әрі ғылыми мұрасын арқау еткен бұл кешке еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі өнерпаздар мен күйшінің шәкірттері қатысып, ұстаз мектебінің өміршеңдігін айқын көрсетті.
«Күй шежіре» кеші ұлттық мұраны ұлықтап, күймен жазылған ұлт шежіресін жаңғыртқан тағылымды рухани кеш ретінде көпшілік жадында қалары сөзсіз.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз