Қазақ әндерінің жаңа лебі: Астанада «Saz&Soul» тобының концерті өтті
05.11.2026
Қазақ әндеріне жаңа леп, өзгеше тыныс әкелген «Saz&Soul» тобы көрермендерді жаңа концерттік бағдарламасымен қуантты. Концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.
Бұл кеште қазақ халық әндері джаз ырғағында, ал таныс лирикалық әуендер блюз және фанк мәнерінде орындалды. «Saz&Soul» – ұлттық музыкалық мұраны түрлі жанрда жаңаша ұсынып, қазақ әндерінің көркемдік мүмкіндіктерін кеңейтуге өзіндік үлес қосып жүрген топ. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында өткен концерт топтың шығармашылық ізденісінің жарқын көрінісіне айналды.
Кештің ерекше жаңалығы – «The Voice Қазақстан» мегажобасының жеңімпазы Нұрай Шерудің «Saz&Soul» тобының солисі ретінде дебют жасауы. Әншінің ұжым құрамына қосылуы топтың шығармашылық дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын аңғартты.
> Бір жыл бұрын, «The Voice Қазақстан» жобасынан кейін, топтың көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаев және композитор Шырын Базарқұловадан ұсыныс түсті. Мен ол ұсынысты қуана қабылдадым. «Saz&Soul» тобындағы жұмысым өте сәтті басталды. Жалпы, осындай кәсіби деңгейі жоғары топтың солисі болу – мен үшін үлкен мәртебе, - деп бөлісті ол.
Кеш барысында Нұрай Шеру өзінің вокалдық мүмкіндігін жаңа музыкалық бағытта танытты. Концертте арнайы шақырылған қонақтар – Дастан Оразбеков, Марсель, AL NASR және Мәди Сыздықов те өнер көрсетті. «Saz&Soul» тобының танымал әншілермен коллаборациясы кештің музыкалық мазмұнын байыта түсті.
«Saz&Soul» тобының көрермендерге тарту еткен тағы бір жаңалығы – «Өмірді сүй» әнінің тұсаукесері. Жаңа ән «Saz&Soul», AL NASR мен Дастан Оразбековтың бірлескен орындауында ұсынылды. Сондай-ақ концерт бағдарламасына Естайдың «Құсни-Қорлан» әні мен «Сүгірдің термесі» сияқты қазақ музыкасының таңдаулы туындылары енді. Көрермендер «Жер ана», «Жетеле», «Әдемі», «Мен саған өкпелемеймін», «Махаббат гүлі солмайды», «Жол», «Ай өмір-ай», «Арман жол», «Асыл жаным-ай», «Бұл өмірде», «Бақытты бол», «Қайран көңіл-ай», «Даланың ерлері», «Көк аспан», «Бегім-ай», «Белгісіз жан» сынды хит әндерді де тыңдады.
Saz&Soul тобының концерті ұлттық музыканың жаңа қырларын танытуға бағытталған шығармашылық жобалардың бірі болды. Ұжым дәстүрлі әуендердің өміршеңдігін, қазақ музыкасындағы жаңа бағыттардың өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз