«Қосамын әнге атыңды»: Алматыда қазақ эстрадасының өнерпаздары бас қосты
25.11.2026
2026 жылғы 25 қарашада Алматы қаласындағы «Qurmangazy Orkestri» залында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Алматы қаласы филиалы әртістерінің «Қосамын әнге атыңды» атты концерті өтті.
Кеш бағдарламасында махаббат пен сағынышты, туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен әндер, ұлттық және әлемдік би өнерінің үлгілері ұсынылды. Бір сахнада қазақ эстрадасының танымал өкілдері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.
Концертке Қазақстанның халық әртістері Алтынбек Қоразбаев пен Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова мен Сүлеймен Ибрагимов қатысты. Сондай-ақ Халықаралық байқаулардың лауреаттары Бибігүл Қилымхан, Гүлнар Көшенова, Мади Рымбаев, Райым Уайыс, Сая Махамбет, «Melomen» тобы және «Самғау» бэнді өз өнерлерін ұсынды.
Кеште «Ұнатамын мен сені», «Аяулым», «Есіңе мені алғайсың», «Мен деп ойла», «Сен менің жалғыз сыңарымсың», «Фариза», «Бір ауыз сөз» сынды әндер шырқалды. Мақпал Жүнісова мен Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы «Қоштасудың қиыны-ай!» дуэті бағдарламаның көркін аша түсті.
Әнмен өрілген кеш би өнерімен жалғасты. Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері Перизат Омарбекова қазақтың «Қамажай» халық биін және үнді классикалық биінің катхак стиліндегі «Тарана» туындысын көрермен назарына ұсынды.
Концерт соңында өнерпаздар «Сағындым Алматымды» әнін бірге шырқап, Алматыға деген ыстық ықыласын әнмен жеткізді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз