Астанада «Бірлік әуені» этно-хореографиялық концерті өтті
25.11.2026
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Бірлік» би ансамблінің «Бірлік әуені» атты этно-хореографиялық концерті өтті.
Жоба қазақ, орыс, грузин, татар, өзбек, қытай, тәжік, кәріс және түрікмен мәдениетінің би өнері мен музыкалық дәстүрлерін бір сахнада тоғыстырды. Концерттің негізгі идеясы – ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігін таныта отырып, еліміздегі мәдени әралуандықты өнер арқылы дәріптеу.
Кештің шымылдығы «Аманат» қазақ биімен ашылды. Одан кейін көрермендерге «Көктем лебі», «Ат шабыс», тау халықтарының «Анцух», грузиннің «Джейрани», татардың «Ак Идель», өзбектің «Дучава», тәжіктің «Чилваи Хиромон», қытайдың «Ай қанатында», түрікменнің «Эй, дарагым, батлан», кәрістің «Elegi» хореографиялық композициялары ұсынылды. Әр қойылым өзіндік әуенімен, қимыл мәнерімен және ұлттық нақышымен ерекшеленіп, түрлі халықтардың өнер әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берді.
Би кешінің көркемдік мазмұнын вокалдық және аспаптық шығармалар толықтырды. Сахнада «Кербез сұлу», «Татарские напевы», «Аққу», «Белес» секілді туындылар орындалды. Концертке әнші Нұрболат Арзамасұлы, күйшілер Ардақ Елеусіз бен Тоғжан Үмбет, Бауыржан Бекмұханбет, қобызшылар Ақерке Тәжібаева, Мақсат Медеубек, мультиаспапшы Жанту Дадабаев, аккордеоншы Равиль Отарбаев, сондай-ақ «Zazan» лезгинка мектебінің өкілдерімен «Joshy» тобы қатысты.
Кеш соңында әртістерге ықылас гүлі табысталды.
«Бірлік әуені» концерті би, вокал және аспаптық өнерді бір бағдарламада біріктіріп, әр халықтың мәдени мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Жоба ұлттық дәстүрлердің өзіндік сипатын сақтай отырып, олардың ортақ шығармашылық кеңістікте үндесе алатынын көрсетті.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз