X

Қазақконцерт сахнасында Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурстың Гала-концерті өтті

14.05.2026

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 14 мамыр күні Қазақконцерт мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқаудың Гала-концерті өтті. Кеш шымылдығын Роза Бағланованың репертуарындағы «Ах Самара городок» халық әнімен «Astana Musical» театрының әртісі Зарина Макина ашты.

Сонымен қатар сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, халықаралық байқаулардың лауреаты Асылхан Шалқаров сынды Қазақконцерттің әртістері ән шырқады.

13 мамыр күні өткен конкурстың екінші кезеңіндегі қазылар алқасының шешімімен Гала-концертте ІІІ, ІІ, І дәрежелі лауреаттар диломмен марапатталып, байқауда өнер көрсеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің кавалері Болатбек Букенов қатысушыларға сертификаттар табыстады. Сондай-ақ Роза Бағланованың отбасының атынан арнайы сыйлық үш қатысушыларға тарту етілді.

Байқаудың Бас жүлде иегері Алматы облысынан келген қатысушы Медет Орынбаевқа Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет Комитетінің төрағасы Ерлан Дакенов  2 000 000 теңге табыстады. Бірінші орын иегері Астана қаласынан Меруерт Желдібаеваға қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Лаки Кесоглу 1 500 000 теңге ақшалай сыйлығын табыстады. Екінші орын иегері Астаналық қатысушы Сәкен Алимхановты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова марапаттап, екінші орын иегері 1 000 000 теңгеге ие болды. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын Алматы қаласынан келген екі қатысушыға беріліп, үшінші орын иегерлері Эльвира Мамытова мен Аян Байжігітті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев және Қырғызстан елінің халық әртісі Рыскелді Осмонкулов марапаттап, екі жүлдегердің әрқайсы 350 000 теңге ақшалай сыйлықты иеленді.

Роза Бағланованың отбасынан атынан арнайы сыйлық ретінде 500 000 теңге және Роза Бағланованың әшекейлер топтамасынан арнайы жасалған сырғалар Түркия елінен келген қатысушы Aynaz Rahimzadeh, Беларусь Республикасынан келген Инна Троянға, Өзбекстан елінен келген Мухаддас Алиеваға бұйырды. Бас жүлде иегері Медет Орынбаевқа Роза Бағланованың жанұясының атынан арнайы мүсінше тарту етілді.

Қазақконцерттің әртістері мен жүлделі орын алған байқау қатысушылары сахнада көрерменге өнерлерін паш етті. Салтанатты кеш Роза Бағланованың репертуарындағы әсем әндермен өз жалғасын тапты.

Концерт соңында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрінің атынан ықылас гүлі табысталды.

Аты аңызға айналған Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, жас вокалистерді қолдауға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды халықаралық байқау өз мәресіне жетті.

Поделиться в соц. сетях: