X

ӘУЕЛЕТІП ӘН САЛСА

Күні: 22.10.2026 Уақыты: 19:00 Зал: Камералық зал

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Нұржан Жанпейісовтің «Әуелетіп ән салса» атты концерті өтеді.

Ұлттық ән өнерін ұлықтайтын тағылымды кеш қазақ музыкасының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті әнші-композитор Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасына арналады. Концерттің басты мақсаты – дара дарын иесінің мол мұрасын кеңінен насихаттау, қазақтың дәстүрлі әншілік мектебінің көркемдік ерекшелігін таныту, ұлттық музыкалық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу және төл өнерімізге деген құрметті арттыру.

Концерт барысында Нұржан Жанпейісов Дәнеш Рақышевтің халық арасында кеңінен танылған және сирек орындалатын әндерін ұсынып, көрерменді дәстүрлі ән өнерінің сырлы әлеміне жетелейді. Әншінің өзіндік орындаушылық мәнері, кең тынысы мен ұлттық әншілік мектепке тән нақышы арқылы әр шығарма жаңа қырынан көрініп, тыңдарманға ерекше әсер сыйлайды.

Бағдарламада Дәнеш Рақышевтің «Саясында алманың», «Жайқоңыр» ІІ түрі, «Аққұлар, қош болыңдар», «Туған жер», «Бақытым бол» әндері орындалады. Сонымен қатар «Жиырма жеті қыз», «Жан сәулем», «Баянауыл», «Игай-ау», «Аңшының әні» секілді халық әндері, Әсет Найманбайұлының «Кіші Ардақ», «Інжу-маржан», «Хаулилау, қалқаш-ау», Садықожа Мошанұлының «Ахау, айым» және Атай Оғонбоевтың «Ой, бұлбұл» шығармалары көрермен назарына ұсынылады.

Кеште Нұржан Жанпейісовпен бірге «Бірлік» би ансамблі, дәстүрлі әншілер Клара Төленбаева, Ерболат Мұстафаев, Ерлан Рысқали және күйші Бауыржан Бекмұхамбет өнер көрсетеді. Ән мен күй, ұлттық би тоғысқан мазмұнды бағдарлама қазақ өнерінің байлығы мен орындаушылық дәстүрдің сабақтастығын айшықтайды.

«Әуелетіп ән салса» – ұлттық ән өнерінің асыл мұрасын дәріптеп, дәстүрлі орындаушылықтың тереңдігі мен көркемдік қуатын сезіндіретін рухани кеш.

Поделиться в соц. сетях: