ӘЛИ АЛПЫСБАЕВТЫҢ 70 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН МУЗЫКАЛЫҚ КЕШ
Күні: 17.03.2026 Уақыты: 19:30 Зал: Үлкен зал
Қазақконцерт танымал композитор, дирижер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Демегенұлы Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өткізеді.
Концерттік бағдарламада композитордың «Алаш елі», «Төсбұлақ» күй-поэмалары, «Әке», «Аққуым болып оралдың ба?», «Жұлдыз - ғұмыр», «Аман болшы, жан ана», «Бақыт вальсі», «Махаббат вальсі», «Қазақ елі» әндері және т.б. туындылары орындалады.
Іс-шараға Қазақстанның Еңбек ері Айман Мұсаходжаева, «Күреңбел» триосы, халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов, сондай-ақ, Жомарт Такебаев, Мақсат Нұрланов, Талғат Оразаев, Толқын Скакова, Салтанат Мұратқызы, Шахзод Сана, Сәуле Алимбетова, Аружан Жалғасова және Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі қатысады.
Әли Алпысбаев 50-ден астам ән және жеке музыкалық аспаптарға арналған туындылар жазды. Оның шығармашылығы ұлттық дәстүр тереңдігімен және заманауи музыкалық әуенімен ерекшеленеді. Ол Мұқан Төлебаев атындағы халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер байқауы мен «Кестелі орамал» вокалшылар байқауының ұйымдастырушысы. «Елге арнау» поэмасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік грантының лауреаты және «Елім менің» республикалық байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.
2015 жылы «Тәуелсіздік толғауы» атты VI республикалық жаңа өнер туындылары байқауына қатысып, «Орбұлақ таңы» симфониялық күй поэмасымен Гран-при иеленді. Композитордың шығармашылық қызметі халықаралық деңгейде де жетістіктерге жетті. Ол Ресей, Қытай және Түркия сияқты елдерде гастрольдік сапармен болып, халықаралық аренада өз өнерін паш етті. Сонымен қатар, Польшада өткен 8-ші Дүниежүзілік өнер фестивалінде жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосты.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз