X
Мақсат
Мақсат Медеубек

Қылқобызшы, мультиаспапшы

Толығырақ

Фото

Әртіс туралы

    Білімі:

Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатында білім алған.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын тәмамдаған.

2021 ж. – «Қазақ қылқобызы және Орталық Азия түркі халықтарының музыка мәдениетіндегі типологиялық туыстас аспаптар» тақырыбында философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін қорғады.

    Шығармашылық жетістіктері:

Құрманғазы атындағы V халықаралық халық аспаптарында орындаушылар конкурсының лауреаты.

VIII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің I орын иегері.

«Мәңгілік сарын» дәстүрлі музыка фестивалінің жеңімпазы.

Ықылас Дүкенұлы атындағы халықаралық қылқобызшылар конкурсының лауреаты.

Қорқыт атындағы түркі халықтарының дәстүрлі орындаушылық өнер фестивалінің I орын иегері.

2018 ж. – Тілеп Аспантайұлы атындағы халықаралық ішекті аспаптарда орындаушылар конкурсының Гран-при иегері.

2008 жылдан бастап – «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі және тұрақты мүшесі. Ансамбль құрамында әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі музыкасын халықаралық деңгейде насихаттап келеді.

2023 ж. – Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының «Түркі халықтары мәдениетінің амбассадорлары» атағына ие болды.

«Qobyz Soul» авторлық концерттік бағдарламасының авторы. 2024 жылы басталған жоба аясында дәстүрлі күйлер, әлемдік классикалық шығармалар, кино музыкасы мен заманауи танымал туындылар қылқобызда жаңа форматта орындалады. Жоба Астана, Алматы және Әзербайжанның Баку қаласында ұсынылды.

2017 ж. – Қылқобызды үйренуге арналған «Kobyzbook» авторлық электронды оқу құралын таныстырды.

Белгілі қобызшы-педагог Әбдіманап Жұмабекұлымен бірлесіп «Қобыз үйрену мектебі» оқу құралын әзірледі.

Әлеуметтік желілерде дәстүрлі музыканы кеңінен насихаттайды. Instagram, YouTube, TikTok және басқа платформалардағы шығармашылық парақшаларына 300 мыңнан астам оқырман жазылған. Бейнежобаларының жалпы қаралымы 20 миллионнан асады.

    Ғылыми-зерттеу қызметі:

Қазақ қылқобызы, түркі халықтарының қобыз тектес аспаптары, орындаушылық дәстүр, аспаптану және музыкалық түркология мәселелеріне арналған 20-дан астам ғылыми мақаланың авторы.

Ғылыми еңбектері Қазақстан, Ресей, Польша, Ұлыбритания және басқа елдердің ғылыми басылымдарында жарияланған.

Бірқатар ғылыми монографиялар мен оқу басылымдарының ғылыми және музыкалық редакторы.

    Педагогикалық қызметі:

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қылқобыз мамандарын даярлаумен айналысады.

Шәкірттері республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары атанып, кәсіби өнер ұжымдарында еңбек етіп келеді.

    Еңбек жолы:

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында педагогикалық қызмет атқарған.

Қазіргі уақытта Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және ОХА» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доценті).

2022 жылдан бастап – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығының солист-әртісі.

    Марапаттары:

2018 ж. – Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталған.

Поделиться в соц. сетях: