X

Еліміздегі ең үлкен концерттік залдың цифрлық көшірмесі әзірленді

01.10.2020

Қазақконцерттің 60 жылдық мерейтойына орай «City360.kz» компаниясы «Қазақстан» орталық концерт залының 3D форматындағы цифрлық көшірмесін сыйға тартты. Енді еліміздің басты концерттік залы көрермен қауымға жақын бола түсті.

«Қазақстан» орталық концерт залына онлайн режимінде кіріп, оның барлық архитектуралық көріністерін  әлемнің кез келген нүктесінен және кез-келген құрылғыдан көруге болады. Жаңа виртуалды тур қонақтарға «дала гүлінің» іші мен сыртын толығырақ қарап көруге мүмкіндік береді. Концерт залын «Дала гүліне» ұқсатып, тамаша теңеу тапқан ғимараттың архитекторы, атақты италияндық сәулетші Манфреди Николетти еді. Сондай-ақ өзінің ерекше авангардтық сипатына байланысты «Қазақстан» концерт залы Lonely Planet нұсқасы бойынша әлем бойынша ХХІ ғасырдың ең әдемі 15 ғимаратының тізіміне енгенін айта кету керек. 


«Қазақстан» орталық концерт залының цифрлық көшірмесі көрермендерге концерттік залдардың айрықша кербез интерьері мен фойедегі қызықты экспозицияларды жан-жақты көрсете алады. Бұған қоса, бұл өнер ордасында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының әртістері жемісті еңбек етіп жүргенін ескерсек, көрермендер концерттер бойынша бейнелер мен фотосуреттерді көре алады, аудио файлдарды тыңдай алады және пайдалы сілтемелер мен QR белгілерін таба алады. 60 жылдық мерейтойын атап өтетін «Қазақконцерт» ұйымы шығармашылығы арқылы «Қазақстан» орталық концерт залының танымалдығы арта түскені белгілі.

«Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, виртуалды форматта саяхаттау - бұл уақытты қызық өткізуге, көптеген пайдалы ақпарат алуға және болашақ экскурсияларды жоспарлауға көмектесетін заманауи тренд.  

Виртуалды турды http://bit.ly/qazaqstan сілтемесі бойынша тамашалауға болады  

- Үйден шықпай-ақ ТМД елдері арасындағы бірегей концерт залына онлайн форматта саяхаттау мүмкіндігі шынымен де керемет. Ең бастысы, жаңа виртуалды тур «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қағидаларына сай келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, цифрландыру - бұл ел дамуының өзегі. Біздің жағдайда бұл туризмді, концерттік қызметті дамыту және осы бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Ерекше сыйлықты «City360.kz» жобасы аясында Назарбаев Университетінің NURIS инновациялық кластері ұсынды. Бұл жаңа инновация барша халыққа бірдей қолжетімді. Жобаның авторларына алғыс білдіре отырып, барша көрермендерді еліміздегі басты концерттік залға онлайн форматта саяхат жасауға шақырамыз, - деп мәлімдеді Жеңіс Сейдуллаұлы.



Поделиться в соц. сетях: