X

Қазақконцерт Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына арналған концерт өткізді

11.06.2021

«Ұстаз бен шәкірт» деп аталатын жаңа концертті Қазақконцерт әртістері күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы мен оның атақты шәкірті Дина Нұрпейісованың шығармашылығына арнады. Бұл кеш Қазақконцерттің 60-шы мерейтойлық маусымына арналған «Жұлдызбен бір сахнада» атты жаңа жоба аясында өтті.

Концертте белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетекшілігімен «Астана сазы» ансамблінің солистері ұлы күйшілердің есімдерін асқақтатып, артына қалдырған бай мұраларын жаңғыртты. Бұл кешті өнер сүйер қауым әртістермен бір сахнада отырып тамашалап, концерттің тікелей қатысушысы ретінде жаңа әсер алды. Концерттің жаңа форматымен ерекше үйлесім тапқан ұлттық музыка және әртістерінің кәсіби шеберлігі көрерменнің жоғары бағасын алды.

Көрермендермен бірге мерекелік концертті тамашалаған Дина Нұрпейісованың туған немересі Төлеген Қуанышев «Қазақконцерт» әртістеріне өз алғысын білдірді.  

Бауыржан Ақтаевтың айтуынша, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен Қазақконцерттің 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл кеш көрермен қауымға нағыз рухани демалыс сыйлады.

- Бұл мерейтой біздің өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы жанды көпір іспеттес. Себебі аталған кештің мақсаты – біздің қазақ дәстүріндегі  құндылықтардың тарихымен қоса, күйдің мән-мағынасын халыққа паш ету. Алдағы уақытта да ұлы күйшілердің есімдерін асқақтатып, артына қалған мұраларын қайта жаңғыртатын сапалы концерттер өз жалғасын табады деген ойдамыз, -деп жеткізді ол.

Концертте Құрманғазының «Қызыл қайың», «Балқаймақ», «Терісқақпай», «Машина», «Төремұрат» сынды мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлер орындалды. Сондай-ақ концерттік бағдарламаға қазақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген күйші Динаның «Байжұма», «8 март», «Жігер», «Бұлбұл», «Науысқы» туындылары енді. Концертке қатысқан солистердің қатарында: Клара Төленбаева, Айгүл Елшібаева, Нұркен Яқияев, Ардақ Елеусіз,  Заңғар Мубараков, Әділ Жүнісов, Қайрат Кереев болды.

Поделиться в соц. сетях: